Выбор редакции

Адам папиллома вирусы (АПВ) дегеніміз не?

Адам папиллома вирусы – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы.
АПВ вирусы қауіпті. Өйткені, ол тез таралып, салдарынан папиллома пайда болады (сүйел өсінділері). Бұл жасушалардың қатерлі ісігінің деградациясы мен жатыр мойны обыры сынды дерттерді қоздыруы мүмкін.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 1900-ге жуық жатыр мойны обыры тіркеледі, ал 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады. Елімізде жатыр мойны обыры – барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған дерт түрі.

АПВ ВИРУСЫ ҚАЛАЙ ТАРАЙДЫ?
1. Тұрмыстық жанасу жолымен:
АПВ қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға – сауналарға, моншаларға, спорт залдарына, дәретханаларға, бассейндерге барғанда жеке гигиенаны сақтаған дұрыс.
2. Жыныстық жолмен:
Вирустардың онкогенді типтері жыныстық жолмен берілгенде жыныс мүшелері аймағында орналасатын ұшы сүйір сүйелдерді тудырады.
Вирус анадан сәбиге босану кезінде беріледі. Сүйелдер көбіне нәрестелерде өмірінің алғашқы жылдарында ауызда немесе теріде пайда болуы мүмкін.
3. Адамның өзіне жұқтыруы:
АПВ қырыну немесе эпиляция кезінде дененің бір бөлігінен екінші бөлігіне жиі ауысады.
Бүгінгі таңда АПВ-ны емдеу жолы жоқ, алдын алудың бірден-бір әдісі – вакцинация. Жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуына әйелдің АПВ инфекциясын жұқтыруы себеп болатыны ғылыми дәлелденген.
Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданыста және Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда, дүниежүзінің 135 мемлекеті екпені қолданып келеді.
2024 жылдың күзінен бастап Қазақстанда 11 жасар қыз балаларға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілуде.
АПВ-ға қарсы вакцина мектептерде немесе тіркелген мекен-жайы бойынша емханаларда қолжетімді. Вакцинация ата-аналарының немесе қамқоршысының ақпараттандырылған жазбаша келісімімен жүргізіледі.
Вакцинация қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет салынады.
Екпені АПВ жұқпай тұрып салынғаны абзал, сондықтан вакцинация қыз баласы 11 жасқа толғаннан бастап салынады. Жалпы, АПВ 25 жасқа толмаған адамдар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, осы жастағы вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді.
Вакциналарда вирустың жеке ақуыздары бар, олар ағзаға еніп, иммунитетті белсендіреді. Өз кезегінде иммундық жүйенің жасушалары адам папилломавирусымен күресуге бағытталған антиденелер шығарады. Осыған байланысты вакцина қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін емес

Жаннат АШИРОВА,
«Студенттік емхана» ЖШС-нің эпидемиолог дәрігері

Последние новости