Выбор редакции

Спорт – Денсаулық кепілі

Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Басқарма басшысы баспасөз брифингінде бұқаралық спорттың дамуы, спорттық инфрақұрылым, спорттық жетістіктер, келесі Олимпиада ойындарына дайындық барысын жан-жақты баяндап берді. Бірқатар мәселелердің шешу жолдарына тоқталып өтті.

Бұқаралық спорт қарқын алды
Басқарма басшысының мәліметінше, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлар тізбесінде спорт саласының 4 көрсеткіші бекітілген. Біріншіден, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50%-ына дейін жеткізу. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, қаладағы дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 513 954 адамды (42,2%) құрайды. Екіншіден, халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 52,3 пайызға жетті (45 566 шаршы метр). Қала аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 15644 мүмкіндігі шектеулі адам болса, оның ішінде спортпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны – 2 798 адам немесе 14,9 %. Ал, жастарды спортпен қамту көрсеткіші (14-18 жас) – 197266. Барлық индикатор көрсеткіштері биыл жыл қорытындысы бойынша шығарылады.
Жыл басынан қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 257 спорттық (Халықаралық, республикалық, қалалық, бұқаралық) іс-шара өткізіліп, оған 31 000-ға жуық адам қатысқан. Жыл соңына дейін мектеп оқушылары арасында «Шымкент жастар Лигасы», жас ерекшеліктері бойынша футболдан лига жарысы, спорт мекемелері қызметкерлері арасында Спартакиада жарысы, жоғары және орта оқу орындарының студенттері арасында спорт түрлерінен Спартакиада жарыстары, веломарафон, «Тартыл фест», ардагерлер арасында волейболдан турнир т.б., спорттық іс-шаралар өткізіп, 20 мыңға жуық адамның қатысуы жоспарлануда.
Жаңа футбол стадионының  құрылысы  басталды
Қаладағы бұқаралық спорттың дамуы спорттық инфрақұрылымға байланысты. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер тарапынан Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында «ЕЛАМАН» спорт кешені (спорттың ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт зал және 1 бассейні бар) пайдалануға беріліп, таяуда ашылу рәсімі өткен-ді. Ал, қалалық №12 спорт мектебі нысанының және «SPORT LIFE» кіші футбол орталығының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда тұр. Сондай-ақ, «Орталық» саябақта орналасқан Шахмат үйі де желтоқсан айының басында пайдалануға беріледі.
Биыл сәуір айында №15 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спорт нысанының құрылысы басталған болатын. Құрылыстың жалпы құны – 1,7 млрд теңге, аяқталу мерзімі – 2025 жыл.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда сыйымдылығы 35 мың адамдық, FIFA талаптарына сәйкес келетін жаңа футбол стадионы құрылысы басталды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жер телімін тегістеу және қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Қаланың Тұран шағынауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені» құрылысын 2025-2026 жылдар аралығында жүргізу жоспарға енгізілген. Нысанның құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Қазіргі уақытта қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жер телімдерін қарастырып, заңдастыру жұмыстары да қолға алынған. Атап айтқанда, Абай ауданы Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Тұран ауданы Ақтас тұрғын алабы және Еңбекші ауданы Бадам-2 тұрғын алабынан спорт  нысандарын салу жоспарлануда. 2023 жылдың қорытынды есебі бойынша қалада спорт ғимараттарының саны 772 бірлікті құрайды. Оның ішінде, дене шынықтыру және спорттық мәндегі – 462, білім мекемелерінде – 279, спорт мекемелерінде –31. Жалпы 772 спорт нысанның 98-і жеке меншікте.
Басқарма басшысының айтуына қарағанда, биыл пайдалануға берілетін спорт нысандарының ең ауқымдысы – №12 спорт  мектебінің құрылысы. Оны Тәуелсіздік күніне орай ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Спорт нысаны көпфункционалды зал болмақ. Қаланың орталығында орналасқан №15 спорт мектебі ғимаратының құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүргізілуде. Жалпы, қазіргі таңда қалада барлық спорт мектебінің спорт залдарын жаңғырту, жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Зілтеміршілер  әлем чемпионатына  қатысады
Қалада жоғары спорт жетістерін дамытуда оң нәтижелер бар. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Бүгінгі таңда қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 2144 жүлделі орындардан көрінген. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 668 алтын, 557 күміс, 669 қола жүлде, Азия чемпионаттарында 68 алтын, 60 күміс, 39 қола, әлем чемпионаттарында 32 алтын, 25 күміс, 16 қола медаль жеңіп алды.
2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 2 ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 83 ҚР спорт шебері, 614 спорт шеберлігіне үміткер спортшылар дайындалды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапында ересектер құрамасына – 423, жастар құрамасында – 461, жасөспірімдер құрамасында – 400 спортшы, жалпы 1284 спортшы Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап келеді.
Биыл Париж қаласында өткен Жазғы олимпиада ойындарына Шымкент қаласынан 7 спорт түрі бойынша 12 спортшы қатысты. Нәтижесінде, семсерлесу спорт түрінен Эльмир Әлімжанов пен Ерлік Сертай командалық есепте 6-орын алды. Бұл жолғы бәсекеде қала спортшылары жүлделі орындарға қол жеткізе алмады.
Қыркүйек айында Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Шымкент қаласынан 10 спорт түрінен 18 спортшы қатысып, 16 жүлделі орындарды (7 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль) жеңіп алды. Сондай-ақ, қараша айында бірнеше спортшы Әлем чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, бокстан жастар арасында әлем чемпионатында 75 келі салмақта Санжар-Али Бегалиев жеңімпаз атанса, дзюдодан жастар арасында Талғат Орынбасар қоланы қанағат тұтты. Тұңғыш рет қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Ерсұлтан Мұзаппаров күміс жүлдегер атанды.
Бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан бүгінде Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бақ сынауда. Ал ауыр атлетикадан Нұрғиса Әділетұлы Бахрейн елінде басталатын әлем чемпионатына аттанып кетті.
Олимпиада ойындарына дайындық қалай?
Қалада келесі Жазғы Олимпиада ойындарына дайындық басталып кетті. Жоба-жоспарлар жасалып, мақсат-міндеттер қойылып отыр. Басқарма басшысы брифинг барысында келесі Олимпиада ойындарына дайындық мәселелерін, олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыру, жоғары спорт жетістіктерін дамыту жағдайларына кеңірек тоқталып өтті.
– Келесі жылы Қысқы Азия ойындарына 4-5 спортшыны қатыстыру, әлем чемпионаттарында бақ сынау жоспарымыз бар. Жалпы айтқанда, 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстары басты назарымызда тұр. Үміт артатын жас дарынды спортшылар бар. Бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан салмағын ауыстырды. Келесі Олимпиадада өзіне қолай салмақта қатысса, жүлде алуы мүмкін. Бокстан жастар арасында әлем чемпионы Санжар-Али Бегалиев бар. Дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері Талғат Орынбасар өсіп келеді. Жас спортшының әдіс-тәсілдері, қарым-қабілетіне қарасақ, оның да келесі ойындарға қатысуға мүмкіндігі бар. Биыл грек-рим күресінен ҚР кубогында балуандарымыз өте жақсы нәтижеге қол жеткізді.Алда әлі 4 жыл уақыт бар. Дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр, – дейді басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда Олимпиадалық емес спорт түрлерін қысқарту, оларды қаржыландыру күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыру қалай болмақ? Маратбек Сәменбекұлы Олимпиада және Азия ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлерін дамытуға бағыт-бағдар алып отырғанын айтады. Ал, Олимпиадалық емес спорт түрлерін де дамытуға ешқандай шектеу жоқ. Егер жеке демеушілер арқылы қаржы тауып дамытамын десе, оған азаматтардың барлық мүмкіндігі бар.
Тағабай ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Последние новости