Выбор редакции

920 тұрғынға үйде әлеуметтік қызмет көрсетіледі

Шымкент қаласында қарттарға, мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі дамып келеді. Бұл бағытта қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №7 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы айрықша рөл атқарады.

Орталық 9 бөлімше арқылы қызмет көрсетеді: 6 бөлімше қарттар мен мүгедектігі бар жандарға, 2 бөлімше тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, ал 1 бөлімше 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар адамдарға арналған.
Орталықтың 154 қызметкерінің 122-сі күтім көрсететін әлеуметтік қызметкер. Олар қаладағы 920 ерекше күтімді қажет ететін тұрғындарға 8 түрлі қызмет көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлер күтімді қажет ететін жандардың үй-жағдайына қарай тұрмыстық қолдау көрсетеді. Су тасу, азық-түлік жеткізу, үй жинау, пеш жағу секілді қызметтер ұсынылады.
Қызмет алушының денсаулығына сай үйге дәрігер шақыру, дәріханалардан дәрі-дәрмек жеткізу, емханаға бірге бару секілді медициналық көмекті ұйымдастырады. Сонымен қатар, психологиялық қолдау мен заңгерлік көмегін де ұсынады. Ерекше балалардың бейіміне сай білім алуы мен қоғамға бейімделуіне әлеуметтік күтім жөніндегі қызметкердің еңбегі орасан.
Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкерлер қызмет алушыларды театрлар мен саябақтарға апару, мәдени шараларға қатысуына жағдай жасайды. Олар үйдегі еңбекті ұйымдастыру, өзіне күтім жасау бойынша кеңестер береді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Последние новости