Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашан да жоғары. Бұл – заңды құбылыс» дей келіп, әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет екенін, сындарлы пікір алмаса білуі керектігін айтқан болатын. Расында, саяси мемлекеттік қызметшілердің қоғаммен ашық пікір алмасып, өзекті мәселелерді тұрғындармен, азаматтық қоғам институттарымен және БАҚ өкілдерімен бірге талқылауға дайын болуы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айнымас қағидасы деп айта аламыз.
Осы орайда, ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму барысы» туралы баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі үшінші мегаполистің ағымдағы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму қорытындылары туралы баяндап, алдағы жоспарлар туралы айтып өтті. Сонымен қатар баспасөз брифингінде республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан 50-ге тарта журналист өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шаһар басшысы оларға толық әрі жан-жақты жауап берді.
Қала бюджеті 779 млрд теңгені құрады
Биылғы жылдың 10 айында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы кезеңде қаланың бюджет көлемі 779 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге көп.
«Президент Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 1,5 есе және еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойды. Осы бағытта биыл 16 жобаның 12-сі іске асырылды. Олардың жалпы құны – 78,2 млрд теңге. 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Coca-Cola İçecek (CCI)» зауыты іске қосылып, 100 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ «Wan Sheng Ceramic» керамикалық плиталар шығаратын кәсіпорын ашылып, 350 адам жұмыспен қамтылды», – деді Ғ. Сыздықбеков.
Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 438 гектарды алатын екі жаңа индустриялық аймақ іске қосылды. Олардың қатарында:
Бұл жобалар Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасап, халықты жұмыспен қамту деңгейін айтарлықтай жақсартады.
Экономикалық өсім 12 пайызды құрады
Шымкент қаласы 2024 жылдың 10 айында 12,0% экономикалық өсіммен жоғары нәтиже көрсетіп, мегаполис Қазақстан аймақтары арасында көш бастап тұр. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.
– Біз жеткен жетістіктерімізге мақтанамыз. Бұл – әкімдік пен кәсіпкерлік қауымдастығының бірлескен жұмысының нәтижесі. Экономикалық өсімнің 12%-ға жетуі – Шымкенттің дұрыс бағытта дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші. Біз осы жетістіктермен тоқтап қалмай, жаңа жұмыс орындарын құру және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыруымыз керек, – деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Шымкент қаласының әкімі мәлім еткендей, мегаполистің көшбасшы болуына бірнеше көрсеткіш әсер еткен:
– тартылған инвестиция көлемі 9 пайызға артуы;
– құрылыс жұмыстарының көлемі 27 пайызға өсуі;
– пайдалануға берілген тұрғын үй ауданы 42 пайызға ұлғайуы;
– сауда көлемі 19 пайызға көбейуі;
– көлік қызметтері 26 пайызға өсуі;
– өнеркәсіп өнімі көлемі 2 пайызға артуы.
Ірі инвестициялар шымкент экономикасын нығайтады
Жыл басынан бері Шымкентке 536 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір экономикасын көтеру және ынталандыру үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау маңызды. Биылдан бастап инвестицияларды тиімді тарту жұмыстарын арттыру мақсатында «Shymkent-Invest» фронт-офисі белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл кеңсе инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін мұнда инвесторларға шамамен 2 мың қызмет түрі ұсынылды, олардың ішінде бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, жобаны жүзеге асыруға қажетті рұқсат құжаттарын толық сүйемелдеу бар. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен көшпелі есеп беру кездесуінде айтты.
Мегаполис басшысының айтуынша, көрсетілген қолдаудың арқасында тартылған инвестиция көлемі 536 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен.
«Үкіметтің 2028 жылға дейінгі жоспарында қалаға 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгінде 2,7 трлн теңгеге 220 инвестициялық жоба тобы құрылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Ауқымды жобалардың бірі – еліміздегі ең ірі жылыжай кешені, оның жалпы аумағы 650 гектарды құрайды. Жобаны түрік инвесторы – «Alarko Holding» компаниясы 650 млн доллар инвестиция салып жүзеге асырады. Бұдан бөлек, Польшаның «Fabe Polska» компаниясымен 150 гектар аумақта жоғары технологиялық жылыжай салу туралы келісім жасалды, жобаның құны 200 млн долларды құрайды. Тағы бір ірі жоба – қуаттылығы 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу, оған 700 млн доллар инвестиция салынады. Бұл жоба аясында қала тұрғындары сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі», – деді Ғ. Сыздықбеков.
Айта кетейік, «Alarko Holding» компаниясының жылыжай кешені – Қазақстандағы ең ірі жылыжай кешені, аумағы 650 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны – 650 миллион АҚШ доллары. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі үшін 208 гектар аумақ бөлінген.
«AKSA Energy» компаниясының жылу электр станциясы – қуаттылығы 500 МВт. Жобаның құны – 700 миллион АҚШ доллары. Бұл станция қаланы сапалы энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«INTERTRANS» компаниясының ұнтақ тәріздес полипропилен өндіретін зауыты. Зауыт 20 гектар аумақта салынады, жоба құны – 150 миллион АҚШ доллары.
Бұл жобалар тек қаланың инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, сонымен қатар мыңдаған жұмыс орындарын ашуға бағытталған, бұл аймақ экономикасын айтарлықтай нығайтады.
«Кока-кола» компаниясы мыңдаған жұмыс орындарын ашты
Шымкентте өңдеу өнеркәсібінің қуатын арттыру жалғасуда. 2024 жылы 16 ірі жобаның 12-сі нағыз серпіліске қол жеткізді. Бұл жобалардың жалпы құны 78,2 млрд теңгені құрайды. Жоба нәтижесінде, 67,1 млрд теңге инвестиция тартуға және 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Қаладағы екі маңызды өндірістің іске қосылуы үлкен қызығушылық тудыруда. «Coca-Cola» 27 миллиард теңге инвестиция жасады, жылына 262 миллион литр алкогольсіз сусындар шығаруға қауқарлы. Кәсіпорында қазірдің өзінде 100 адам жұмыс істейді. Ал, «Ван Шенг Керамик» 25,5 миллиард теңге инвестиция жасады. Зауыт жылына 13 миллион керамикалық плитка шығарады. Бұл тағы 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков: «Биыл қаламыз үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту тұрғысынан айтулы жыл болды. Coca-Cola және «Ван Шенг Керамик»сияқты жобалар жұмыс орындарын ашып қана қойған жоқ. Сонымен қатар, іргелес салалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты, бұл Шымкент экономикасын айтарлықтай жақсартады», — деді.
Шымкентте жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға жағдай жасап, экономиканың негізгі салаларында жұмыс орындарының өсуіне кепілдік беріп, болашаққа белсенді инвестиция салуда.
Өндірістік аймақтар кеңейтіліп, логистикалық хаб құрылады
Шымкент қаласының өндірістік әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында 2024 жылы жаңа индустриялық аймақтарды құру бойынша тың жобаларды іске асыру басталды. Қазірдің өзінде жалпы ауданы 1194 гектар болатын 2 жаңа өндірістік аймақ ашылғаны жарияланды. Онда жалпы құны 759 млрд теңгені құрайтын 275 жоба іске асырылатын болады. Осы жобалардың нәтижесінде қала экономикасына айтарлықтай инвестициялар тартылып, 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бұдан басқа, қолданыстағы 3 аймақты 466 гектарға кеңейту жалғасуда, бұл өндірістік қуаттылықты ұлғайтуға және бизнесті дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Қаланың логистикалық инфрақұрылымына әсер ететін негізгі жобалардың бірі – елдің оңтүстік аймағына келетін тауарлар үшін тиімді логистиканы қамтамасыз ететін аймақтық логистикалық хаб құру. Бұл ауқымды дамудың маңызды бөлігі бизнесті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында Шағын және орта кәсіпорындар үшін мамандандырылған қойма алаңдары салынатын «Стандарт» жеке индустриялық аймағы болады.
Осы жаңа және кеңейіп жатқан аймақтардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді.
«Шымкент өндірістік қуаттарды жаңғырту және кеңейту бағытында жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Жаңа өндірістік аймақтар мен логистикалық хаб құру – бұл қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған қадам. Бұл жобалар қосымша жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, бизнес пен сауданы дамыту үшін де тамаша жағдай туғызады.
Шағын және орта бизнес — шымкент экономикасының негізі
«Шымкентте мегаполис экономикасының негізі болып саналатын шағын және орта бизнеске белсенді қолдау көрсетілуде» деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков брифинг барысында.
Шымкент қаласының әкімі атап өткендей, ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаражаттың қайтарымы жақсы болып, 3700-ден астам жобаны қолдау мен жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік туған.
Ғ. Сыздықбековтың айтуынша, Шымкентте белсенді жұмыс істеп тұрған 136 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Онда 226 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2024 жылы кәсіпкерлікті қолдауға 23,5 млрд теңге бөлінді (оның ішінде республикалық бюджеттен 18,4 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 5,1 млрд теңге). Бұл қазірдің өзінде 15,5 млрд теңге сомасына 3 734 жобаны қолдауға мүмкіндік берді.
Әкімнің айтуынша, қалада алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдау үшін «шағын өндірістік алаңдарды құру» жобасы бастау алды. Бұл жерде толық инфрақұрылыммен қамтылған дайын өндіріс алаңдары кәсіпкерлерге қолжетімді болады. Бүгінде аумағы 54 мың шаршы метр құрайтын 3 өндірістік алаңды салу жұмыстары басталды.
«Кәсіпкерлер үшін тағы бір жақсы жаңалық болған осы жылдан бастап бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету бойынша шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге ынталандырып, бүгінде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсім 4,4 есеге артып отыр. Одан бөлек, кәсіпкерлерге ыңғайлы орта құру үшін 7 базарды стандартқа сәйкестендіру жұмыстарын қолға алдық. Биыл 3 базар модернизациядан өтетін болады», – деді шаһар басшысы.
Тұрғындардың жалақысын көтеруге жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков брифинг барысында экономикалық көрсеткіштердің халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Шымкент қаласы төмен жалақы деңгейімен белгілі өңірлер қатарына кіреді. Алайда, жалақыны арттыруға бағытталған жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
«Экономикалық көрсеткіштердің өсімі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласы жалақы мөлшері төмен өңірлер қатарына жатады. Осы ретте, өңірдегі жалақыны арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдап, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын қосымша 50 мың теңгеге көтердік. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 140 мың теңгеден асты. Қазіргі таңда өңірдегі орташа жалақы көлемі 12,5 %-ға өсіп, 304 мың теңгеге жетті», – деді спикер.
Мегаполис басшысы жұмыс орындарын құру және халықтың табысын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қалада белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны 468 мыңнан асты. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында биыл 45 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған, оның ішінде 32 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 30%-ға қысқарды, ал өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендеді.
Инфрақұрылымның дамуына баса назар аударылып отыр
Экономика өсімі қала инфрақұрылымының дамуына да қарқын беріп отыр. Елді мекендердің инженерлік жүйелері жыл сайын жақсарып келеді. Атап айтқанда, биыл 5 елді мекенде ауызсу жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде Сайрам, Құрсай және Бозарық елді мекендерін ауызсу жүйелеріне қосу жұмыстары басталды. Алайда жауапсыз мердігерлер жұмысқа үлкен кедергі келтіріп отыр. Мысалы, олардың бірі «Құрсай» шағынауданындағы ауызсу жүйелерінің құрылысын 2021-2022 жылдары жүргізіп, қаржысының 95%-ын алып қойған. Алайда, іс жүзінде жұмыстар толық аяқталмаған және кемшіліктері өте көп. Жауапсыз мердігер есебінен халық ауызсуға қол жеткізе алмай отыр.
«Біз халық мұқтаждығын және мәселенің өзектілігін ескеріп, шешу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Бүгінде демеушілер есебінен жұмыстар атқарып, тұрғындарды суға қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сол сияқты «Ұлағат» шағынауданында «Алемстрой-1» ЖШС тарапынан 2022 жылы кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, қаржысы толық аударылған. Алайда 7 шақырым кәріз жүйесі мүлдем жүргізілмегені анықталды. Бүгінде мәселе құқық қорғау органдарымен қылмыстық іс аясында тергеліп жатыр», – деді қала басшысы.
Электр энергиясымен қамту бағытында да жұмыс атқарылуда. 5 елді мекенде электр желісінің құрылысы басталып, осы жылы 6 мыңнан астам халқы бар Асар-2 шағынауданы сапалы электр қуатымен қамтылды. Сонымен қатар электр қуатын арттыратын 2 қосалқы стансаның құрылысы жүргізілуде. Жеке инвестор есебінен қуаты 36 МВт құрайтын «Дендропарк» қосалқы стансасы іске қосылды. Станса 7 500-ден астам абонентті қосу арқылы тұрғындар мен бизнестің сұранысын қамтитын болады. 12 елді мекенде табиғи газ жүйесінің құрылысы басталды.
Бірнеше жылдан бері өзекті болып келген 60 мыңнан астам халқы бар Қайнарбұлақ елді мекенінде газ жүйелерінің құрылысы аяқталды. Қазір ішкі монтаждау және абоненттерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Осы сияқты Қаратөбе, Бозарық-2 елді мекендерін газ жүйесіне қосу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін қосымша Тассай, Ынтымақ-2, Қайтпас-1, Еламан, Бозарық-1 және Бозарық-3 елді мекендері қамтылатын болады.
Қалада 2 магистралді кәріз коллекторы және 6 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл 120 мыңға жуық халықты кәріз жүйесіне қосу мүмкіндігі бар коллектор пайдалануға беріледі.
«Қаланы жылумен қамтуда бірқатар мәселе бар. Жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету мақсатында осы жылы 30 шақырым жүйелер жөндеуден өтті. Айта кететін жайт, өткен жылдары жалған дайындық төлқұжаттары берілуіне байланысты, ақаулар болған болатын. Биыл бұл мәселе басты назарға алынып, әрбір тұрғын үй және нысандар мұқият тексерілгеннен кейін ғана дайындық төлқұжаты берілді. Дегенмен жылу сапасы бойынша халық шағымы көп. Мұның басты себебі – КСК жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан олардың жұмысын әкімшілік тарапынан қолға алуға мәжбүрміз», – деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар тұрғындардың өтінішімен жылу маусымында ғана ыстық су беріліп келген 241 көпқабатты тұрғын үйлерге алғаш рет тұрақты ыстық су берілді. Қаланың демографиялық өсімі және өндіріс алаңдарының тұрақты өсу үрдісін ескеріп, инфрақұрылым қуаттылығын арттыратын 6 су жинақтағыш қондырғы, 7 электр қосалқы станса, 1 газ тарату стансасы, 1 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарланып отыр.
Тұрғын үймен қамту 42 пайызға артты
Биыл Шымкентте 978 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға өсті. Жыл соңына дейін көрсеткішті 1 миллион 360 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде. Дегенмен халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік өзекті болып тұр. Әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 51 мыңнан асты. Мәселені шешу үшін 4 830 пәтерлі 92 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл жайлы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ көшпелі брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу қарастырылып, бүгінде оның 1 240-ы алынды. Сонымен қатар жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасына бөлінетін қаржыны 2 есе арттырып, кемінде 400 отбасына жеңілдетілген несиелер беруге 8 млрд теңге қаржы бөлінді.
«Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 392 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді. Одан бөлек, «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 1 666 азаматты кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы есепті кезеңге 2 004 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 1 270 пәтер беріледі», – деді әкім.
Бес госпиталдық фармация бөлімшесі ашылады
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі есеп беру кездесуінде спорт және денсаулық сақтау салаларындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қала тұрғындарының 42%-ы бұқаралық спортпен айналысады. Биыл Шымкент спортшылары Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс және 724 қола медаль жеңіп алды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық жаңа заманауи стадионның құрылысын бастадық. Қазіргі уақытта стадион аумағында жер жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 1 000 адамға арналған «Еламан» спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалада 500 адамға арналған «SPORT LIFE» шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар, әкім денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Қазіргі уақытта медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жаңарту деңгейі 86,5%-ды құрайды. Биыл 46 дәрігер Ресей мен Түркия клиникаларында біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін тағы 29 дәрігер біліктілігін жетілдіреді.
Бұдан бөлек, алғаш рет балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықта госпиталдық фармация бөлімшелері ашылды. Жыл соңына дейін тағы бес осындай бөлімше, сондай-ақ балалар кардиохирургиялық орталығы ашылады. Жедел жәрдем қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында 23 арнайы көлік сатып алынды.
Білім – басты басымдығымыз
Білім – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Қазіргі уақытта қала мектептерінде оқушы орындарының жетіспеушілігі байқалады. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 18 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың ішінде 3200 орынға арналған 2 мектеп іске қосылды.
«Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 3 мектептің құрылысына 7,9 млрд теңге бөлінді, ал инвесторлар қаражаты есебінен 5 мектеп пайдалануға берілді, оларда 2800 орын бар. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Тұран шағын ауданында 500 орындық «Оқушылар сарайы» салынып жатыр, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 80%-ға аяқталды. Сонымен қатар, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 285 грант бөлінді. Бұған қоса, технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау және технологиялық стартаптарды құру мақсатында өңірлік IT-орталық «Shymkent HUB» іске қосылды», – деді
Ғ. Сыздықбеков.
Қала әкімі сондай-ақ мәдениет саласындағы жұмыстарға тоқталды. Биыл Шымкентте 2066 орындық көпфункционалды Конгресс-холл пайдалануға берілді, мұнда халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізіледі. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен төрт шағын ауданында жаңа «Мәдениет үйлері» ашылды. Мегаполис тұрғындарының мәдениетке деген қызығушылығын арттыру және мәдени өмірді жандандыру үшін саябақтарда және Мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» іс-шаралары ұйымдастырылуда.
Абаттандыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр
Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғындарына арналған демалыс аймақтарын құру мақсатында «Шымкент сити» шағын ауданында 20 га жерде орналасқан саябақ пайдалануға берілді. Бұл жерде 7 мың шаршы метр жасанды көл, амфитеатр, спорт-ойын алаңшаларымен бірге, биіктігі 100 метр «Ту тұғыры» орнатылды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ брифингінде айтты.
Жыл соңына дейін Шымкентте жаңа 24 сквер салынады. Сонымен қатар шалғайда орналасқан «Сәуле» шағын ауданында ойын, спорт алаңшалары мен жүгіру жолағы бар саябақ іске қосылды. Қала орталығындағы ирригациялық арықтардан көптеген жылдар бойы су жүрмей, микроклимат бұзылған. Бұл климаты ыстық Шымкент үшін маңызды мәселенің бірі.
«Биылдан бастап ұзындығы 12 шақырым болатын 13 магистральді жолдарда ирригациялық жүйелер арқылы су жүргізілді. Одан бөлек, жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында демеушілер есебінен сквер, саябақ, қоғамдық кеңістіктер құру жұмыстарын қолға алдық. Атап айтқанда, «BIG tulip», «Спутник» скверлері және «Аналар» аллеясы салынып, «Көл» демалыс аймағы қайта жаңғыртылды және бұрынғы істен шыққан 6,2 шақырым балалар теміржолының орнына, веложолақ пен жаяу серуен аймағы ұйымдастырылды. Осындай демеушілер есебінен 45 га ескі қоқыс полигоны аумағында рекультивация жұмыстары жүргізіліп, «Эко саябақ» салу жұмыстары басталды», – деді спикер.
Шаһар тұрғындары үшін жайлылықпен қатар қауіпсіздік те маңызды. Қазіргі таңда жалпы қылмыстардың саны 12,4 пайызға азайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биылғы жылы қосымша 1425 бейнебақылау камерасы орнатылады. Қала қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтандыру да маңызды. Тұрғындар тарапынан көп көтерілетін мәселелердің бірі осы. Биылғы жылдан бастап көшені жарықтандыру жұмыстарын он есеге ұлғайтып, 1528 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар биыл қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында жаңадан 2 полиция бөлімшесі және 6 мобильді стационарлық полиция пункті іске қосылады. Одан бөлек, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Полиция департаментіне лизинг арқылы 120 көлік құралдары алынды.
«Әлемде болып жатқан табиғи зіл-зала кесірінен қайғылы жағдайлар көптеп орын алуда. Қаладағы тұрғын жайлар мен сауда орталықтары тығыз орналасқан. Өкінішке орай тұрғындар, сауда және халыққа қызмет көрсету нысандары өрт қауіпсіздігіне бей-жай қарайды. Газбен улану фактілері де болып, қайғылы оқиғалар орын алды. Сондықтан әкімдік тарапынан бақылауды күшейту мақсатында «Газ инспекциясы» мекемесін құрдық. Одан бөлек, қаланың өсуіне қарай шұғыл жағдайда өрт сөндіру деполарының мүмкіндігі жетіспейді», – деді қала әкімі.
Осыны ескеріп өткен жылы 2 өрт сөндіру депосы іске қосылса, биыл 1 депо пайдалануға берілді. Шұғыл көмек көрсету қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында 10 шағын ауданда сервистік орталықтар салу жоспарлануда. Онда полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтері орналасады. Сонымен қатар төтенше жағдайлар депараментінің өрт сөндіру қызметін толық қамтамасыз ету үшін лизинг арқылы 38 арнайы техникалар алу жоспарлануда.
Жыл соңына дейін 286 шақырым жолдың құрылысы аяқталады
Шымкент мегаполис болғалы көлік саны жыл сайын артып келеді. Ресми түрде тіркелген көліктер саны 460 мыңнан асты. Одан бөлек, облыс аумағынан күн сайын 100 мыңға жуық көлік қатынайды. Бұл қаланың жол инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіруде. Мәселені шешу мақсатында биыл бюджеттен бөлінген қаражат көлемін 13,2 млрд теңгеге ұлғайтылып, 60 млрд теңгеге жеткізілді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, бірінші кезекте қаланың транзиттік өткізу қабілетін арттыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құруға, Оңтүстік айналма жолдарының құрылыстарына басымдық берілді.
«Бүгінде 16 шақырым болатын Оңтүстік айналма жолы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін А-2 айналма жолының 3,7 шақырымын толығымен аяқтап, 15,4 шақырымына асфальт төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалады. Жалпы жоспар бойынша құрылысы басталған 384 шақырым жолдың, биыл 286 шақырымы пайдалануға беріледі. Жыл соңында жақсы жолдардың үлесі 71%-дан 75%-ға артатын болады. Өкінішке орай, ауыр жүк көліктері жолдарға жүктеме түсіріп, жолдың тез бұзылуына әсер етіп отыр. Сондықтан бірінші кезекте қалаға кіретін 3 негізгі бағыттағы көшелерге рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Осындай жүйелер келешекте қалған бағыттарға да орнатылатын болады», – деді шаһар басшысы.
Биыл алғаш рет барлық көше желісіне ревизия жүргізіліп, цифрлық паспортизациядан өткізілді. Нәтижесінде, көшелер саны 4199-дан 6714-ке дейін, ал ұзындығы 3248 шақырымнан 3899 шақырымға дейін ұлғайды. Одан бөлек, көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 238 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылуда. Сонымен қатар көп жылдан бері өзекті болып келген Шымсити, Тұран шағын аудандарының көше қиылыстарына 38 бағдаршам орнатылады.
Қала халқына қолайлы жағдай жасау үшін әкімдік қоғамдық көлік жүйесінің қызметін одан әрі дамытып келеді. Негізгі міндет – қызмет сапасын арттырып, қала тұрғындарының күнделікті өмірін жақсарту. Осы ретте, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріліп, биылдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтардың санатына 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушыларын енгізілді.
«Тасымалдаушы компанияларға автобустардың аялдамаға тоқтамауы және тыс жерлерден жолаушыларды отырғызу, түсіру, кешігу фактілері бойынша жауапкершілігі күшейтіліп, салынатын айыппұл көлемін 2 есеге ұлғайттық. Қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылап, кестеден ауытқуды автоматты түрде айқындайтын жүйе енгізілді. Нәтижесінде, жыл басынан анықталған фактілерге сәйкес, 585,5 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді. Ашықтықты қамтамасыз етіп, көлеңкелі ақша айналымын заңдастыру мақсатында қоғамдық көліктердегі қолма-қол ақша төлемін толығымен алып тастап, тек электронды төлем жүргізу бойынша шешім қабылданды», – деді спикер.
Сонымен қатар қазіргі электрондық төлем жүйесінде кемшіліктер орын алуына байланысты қолданыстағы келісім шарт бұзылды. Осы салада басқа елдер мен өңірлердің тәжірибесін зерттей келе, сәтті жүзеге асырылып жатқан жаңа жүйе енгізілді. Бұл жүйемен еліміздің 18 қаласы жұмыс жасап келеді. Бүгінгі таңда тасымалдаушы компаниялар тарапынан 19 автобус жаңартылып, қосымша 200 автобус алу міндеттемесі қабылданды. Одан бөлек, 900-ге жуық жаңа аялдама павильонын орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Қалада жеке инвестор есебінен теміржол вокзалы қайта жаңартылып, пайдалануға тапсырылды. Онда жолаушыларға барлық ыңғайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар жаңа әуежай терминалын жылдың соңына дейін іске қосылады. Бұл әуе көлігі жолаушыларын өткізу қабілетін он есеге арттырады.