Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының биылғы атқарған қызметі туралы есеп берілді.
Мемлекет басшысына бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен қарулы күштер қатарына күзгі шақыру науқанының нәтижелері, сондай-ақ әскери қызметтегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде баяндалды.
Армияның жауынгерлік әлеуетін кезең-кезеңімен көтеру және әскерді даярлаудың жаңа тәсілдеріне көшу мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Руслан Жақсылықов мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу барысы туралы баяндап, әскердің қару-жарақ пен техниканың жаңа үлгілерімен, атап айтқанда, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерімен, радиоэлектрондық күрес кешендерімен жарақтандырылып жатқанын хабардар етті. Бұдан бөлек, жауынгерлік машиналарды және байланыс құралдарын жаңғырту, рационализаторлық жұмысты, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бітімгерлік контингентінің БҰҰ аясында Голан жоталарында атқарып жатқан қызметі маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев министрге отандық қорғаныс кәсіпорындарымен өзара ықпалдастықты жандандыру, аумақтық қорғаныс пен арнайы операция күштерін дамыту, әлеуметтік-құқықтық жұмысты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы, шкі істер министрі Ержан Сәденовті және Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады.
Светлана Жақыпованың айтуынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды лицензиялау жүйесі енгізіледі. Бұл мақсатта кәсіби стандарттар мен оқыту модульдері әзірленген. 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында мүгедектіктің әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне көшу енгізіліп жатыр.