Выбор редакции

Өнеге мектебі

Зымыран жылдар, ұшқан құстың қанатындай ұшқыр заман, сынаптай сырғыған қайран уақыт десеңізші. Адамды өзінің ырқына көндіріп, қатал сынына төздіріп, билік айтар өзінен асқан төреші жоқтығын мойындатып, ешнәрсеге мойын бұрғызбастан ағып барады. Бәрі кеше ғана еді ғой. Қимас күндер қол бұлғап, сол кезеңдегі қадірлі жандары естелікке айналып барады. Алайда, қимас, қадірлі, өміріңе өнеге боп қалған сол жандардың көңілде асыл бейнесі сақталып, ізгі істері тағылым болып сақталып қалады екен. Мен үшін сондай қимас, аса қадірлі жанның бірі — Әбдіжалил Әтиярұлы Усманов. Әл- Фараби бабамыздың сөзімен айтсақ, үлкен әріппен жазылатын ұстаз. Осы ұғымның ішінде оның бүкіл ғұмырының мәні, адами қасиеті мен тұлғасы, ұстаздық қызметі жатыр. Өмірде алған көптеген марапаты, ғылыми атақтары да осынау «Ұстаз» деген атының ішіне сыйып кетеді. Себебі ол кісі Әтияр ұстаздың әулетінде туып, ұстаздан тәрбие алып, ұстаздық мамандықта білім алып, өңірімізге ұстаздар қауымын даярлайтын оқу орнында қызмет етті, ұстаз болып шәкірт баптау өмірдегі ең асыл іс екенін көрсетіп кетті.

Мен Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық- техникалық колледжіне 2000 жылдың 29 тамызында жұмысқа қабылдандым. Ол кездеМақтарал аудандық «Жыл мұғалімі — 1998» байқауының бас жүлдегері, облыстық байқаудың қатысушысы, білім олимпиадаларында жеңімпаз оқушы шығарған, қазақ әдебиетінде ақын болып танылған, ізімнен ақын шәкірттерімді ерткен, алғашқы кітабы шығып үлгерген ақын- ұстаз азамат едім. Осы тұлғалық қасиеттеріммен әдеби ортаға танымалдылығым жайылып үлгерген еді. Бұрынғы ағалардың жолымен алғаш болып ақын Әлібек Мейірбеков ағамыз ауылда, «Асықата» мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмыс жасайтын мені «Әдеби ортаға жақын жүрсейші» деп, Жетісайға жұмысқа шақырды. Кейін көп өтпей мектебіме ақын-жазушылар С.Ысқақов, З.Қожаев, С.Сүлейменов, Қ.Абдуллаевтар іздеп келіп, танысып, ортаға тартты. Оның алдында ғана Серік атты ағам «Жетісайдағы педколледжге ауыссайшы» деп жүретін. Ақын- жазушылардың қолқа салуы шешім қабылдауымды жеделдетті. Жұмысқа сол уақыттарда оқу орнында кафедра меңгерушісі болып қызмет істейтін ақын Зікіра Қожаев ағамыздың қамқорлығының арқасында жұмысқа тұрдым. Осылайша жаңа жұмыс орнындағы жаңа жұмысымды бастап кеттім. Бұл менің өмір дастанымның жаңа ақ парағы болатын. Ақ айдын жанымның ақ кемесі жүзген, кейінгі тағдырыма әсер еткен оқу орнының басшылығында сол уақытта Әбдіжалил Әтиярұлы Усманов тұрды.

Асыл ағамызбен қызмет жасаған жылдарым бұл оқу орны дамуының нағыз шырқау биігінде тұрған кезі еді. Бір ғана «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша күндізгі бөлімде алты топ, сыртқы оқу бөлімінде жеті топ, жалпы оқу орны бойынша бір жылда мың студент қабылдаған кез болатын. Қатары қалың оқу орнының арманы да үлкен, танымалдылығы да қалың. Биікті межелеген оқу орнына аудан мектептерінің үздік мұғалімдерін тарту — басшының берік ұстанымдарының бірі екен. Сол ұстаным оқу орнының гүлдену дәуірін бастатып, республика деңгейінде оқу орнының танымалдылық дәрежесіне жетуіне ықпал еткен негізгі фактор болды. Дәл осы тұс Әбдіжалил ағамыздың бағы басым шығып, облыстық мәслихатқа депутат атанып, «ғалым – ұстаз» атымен ғылыми ортада бәсі басым болған жылдарына тұспа-тұс келді. Тұлғалық сапасы дараланған қалпымен оқу орны басшысы атанған осы кезең, сол уақыттың сөзімен бағаланғанда «Босағасына бақ, кермесіне ат байланған, ән- жыры мен қонағы үзілмеген білім ордасы» деген харизмамыз бізді күшті, берекесі бекем, қандай асуды болсын бағындырмай қоймайтын қайтпас-қайсар, бір атаның баласындай бауыр, біртұтас командаға айналдырды.

Әбдіжалил аға жұмысқа орналасқан сәтімнен мені өз бақылауына, тұлғалық өсу динамикамды сырттан қадағалауға алғанын сезініп жүрдім. Ол кісінің кандидаттық дисертациялық еңбегі де сол бағытта болатын. Өз қалауыммен «Үздік колледж оқытушысы – 2002» байқауына қатысып, облыста «Бас жүлде», Петропавлда өткен республикалық байқауда екінші орынды жеңіп алдым. Осы тұста әкімшілік қызметкерлер ортасында: «Біз Сержанды дұрыс бағаламаған екенбіз. Ол біздің күткенімізден асып түсіп, үмітті ақтады» деп пікір айтқанын сол кездегі «Математика» бөлімінің меңгерушісі Қосаев Ертаза ағамыздың өз аузынан естідім. Артынша көп өтпей, 2003 жылдың наурыз айында қазақ тілі және әдебиеті кафедрасына меңгеруші, 2005 жылдан оқу орнындағы ең үлкен филология бөліміне Ештаев Кеңес ағамыздың ұсынысымен «бөлім меңгеруші» етіп тағайындады.

«Филология бөлімі — колледждің ту ұстары, қазақ, орыс, ағылшын — ұғысқан туыс бәрі» деген жазу жазылған стенді шығарып, сол ұстаныммен жұмыс жасадық. Аталған үш мамандықта 500-ден асатын студент, үш кафедрада 100-ге жуық оқытушылармен жұмыс жасау менің қызметтік және ақындық әлемімнің көкжиегін кеңітті десем артық айтқандық емес. Бұл жайындағы әңгіме ғажайыпқа толы, өлеңмен өрілген бөлімді өлеңмен басқарған жылдарымның толағай табыстарын бұл жерде айту – ұзақ әңгіме. Басты мақсат – Әбдіжалил ағайдың тұлға дайындау қабілеті, өзінен кейінгі жас буынға қамқорлық жасауы, ағалық ақылын аямағандығы жайында болмақ. Ешқандай туысы емеспін, біреулер айтып жүргендей ауызбастырық ретінде пара берген емеспін, маған осынша қамқорлық жасауы — адалдығы, жас ұрпаққа деген қамқорлығы деп білемін. Адамды киіміне, лауазымына, қаржысына қарап емес, біліміне, кісілік қасиетіне қарай болысуды меңгергенім, алдыңа келген адамның өз ойымен келіп, сенің пікіріңде кетуге қол жеткізу — Әбдіжалил ағаның өнеге мектебінен бойға сіңірген қасиет деп білемін.

Ол кісі сеніп қызмет берген соң, мол сеніммен барлық қызметкерлер өзінен өзі жұмыс жасай беретін, дами беретін, еркін шығармашылықпен дамуына мүмкіндік беретін. Басшыға тән бұл қасиет – адамның тұлға болып қалыптасуындағы басты фактор екенін ол кісі жақсы білетін. Соның арқасында оқу орнында деңгей- деңгейімен талай білікті замандас әрі жас тұлғалар өсіп шықты. Атап айтқанда, С.Жиенбаев А.Сырманова, Б.Баязитов, З.Әбдірашева, Д.Керімханов, Е.Есқараев, О.Қалмырзаев, А.Бердешов, К.Ештаев, З.Қожаев, Е.Қосаев, Т.Мақсұтов, Ж.Мұратбаев, Ш.Ибрагимова, Н.Жетібаева, Ә.Қыдырбеков, т.б. есіме түспегендерін қоса алғанда, көптеген асыл азаматтар елге танылды. Солардың кейбірі ұстаздан көрген тәрбие арқылы биік белестерді бағындырды, мектеп директорлары атанды. Сол кезде бөлім меңгеруші болып бірге қызмет жасаған Г.Нұртаева, Л.Баймахановалар, кафедра меңгерушілері болған Х.Қарабалаев, Қ.Абдуллаев, М.Сәрсенбаева, Н.Әтемқұлова, К.Қошқарбаева, Ө.Ташкенбаев, т.б. бірқатар ұстаздармен жұмыс жасағанымды, және сол Әбдіжалил ағаның өнеге мектебінен өзінің директорлық қызметін өзінен он бір жылдан кейін қолына алған Баймаханова Ләззат Алғибайқызының шығуы — ұстаз еңбегінің ақталғаны, сол ұстаздар ортасының рухани қуатының мықтылығы деп білемін.

Әбдіжалил аға табиғатынан ақынжанды, ән мен жырға әуес, спортты жетік меңгерген, намысқой, жеңіске деген жігері мықты тұлға болды. Оқу орнының атын өнер иелері мен спортшылар шығаратынын біліп, солардың өсіп шығуына әсер ететін түрлі мәдени-әдеби, спорттық іс-шараларды, республикалық және халықаралық конференцияларды жолға қоя білді әрі барлық іс-шараларға өзі қатысуы — жанының мейірімге толы екенін, қолпаштап, мақтап айту арқылы өнерпаздарды шабыттандырып, арқаландыратын. Өзім талай жыр кештерді, әдеби-сазды бағдарламаларды жүргіздім, лауазымды тұлғаларға жайылған ақ дастарқанды басқардым. Түрлі байқауларда да сахна төрінен табылуым – ақындық шабытымның қуатында тұруыма игі ықпал етті. Студенттердің сахнада шыңдалып өсуіне де сол кездегі түрлі іс-шаралар өнімді ықпал еткенін мойындауға тиіспіз. Соның игілікті әсері арқасында оқу орнынан А.Тәженова, Ж.Жексенұлы, Ж.Сыпатаев, Қ.Байтенов, Ж.Мұсаев, Ғ.Ғаппаров, А.Пердешов, Ж.Әбдиханов, Д.Рахимова, К.Нағалиева, т.б. талай әнші, термеші, сахна саңлақтары шықты. Олардың көбі бүгінде қазақ өнерінің жұлдызына айналды.

Оқу орнын Ә.Усманов ағамыз басқарған уақытта республикадағы «Қыз сыны» байқауының алғашқы жеңімпазы Л.Ахатованың шығуы, оқу орындары арасында өткізілген республикалық  «Таңдаулы білім ұясы- 2001» байқауында 1 орынды иеленуіміз, облыста өтетін түрлі іс- шараларда біздің өнер ұжымдарының өнер көрсетуі — оқу орнында жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының мазмұнын танытып тұратын. Мұның сыртында сол жылдары оқу орнына қонақ болып келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Ә. Кекілбаевтың, білім министрі Ж.Күлекеевтің, көші-қон және демография агенттігінің төрайымы А.Жағанованың, облыс әкімдері Б.Жылқышиев, Б.Сапарбаевтардың, және түрлі өнер қайраткерлерінің болуы — Әбдіжалил ағаның биік абыройын, жүрген жерін шуаққа бөлейтін тұлғалық қасиетінің жемісі, биік көрсеткіші. Сол сапарлардың нәтижесінде ақындар: Т. Молдағалиевтің «Жетісайға келсең, жарыңмен кел», И.Сапарбаевтың «Жетісай желектері» атты цикл өлеңдері, Марфуға Айтқожина мен Ханбибі Есенғараевалардың таңдаулы жырлары дүниеге келді. Сол кезде оқу орнында жұмыс істеген Ә.Әміров, А.Балғынбаев, М.Қасқырбаевтардың әсем әндері, жазушы Ә.Жақыпбеков, С.Ысқақовтардың, ақындар Ә.Мейірбеков, З.Қожаев, Н.Жаңабаева, Қ.Абдуллаев, М.Тұрдықұлов және осы жолдардың авторының тамаша туындылары жарыққа шықты, оқырманына жол тартты. Ол кездегі оқытушылардың білімділігі, өнер мен оқуға құштарлығы, ғылым мен спортқа әуестігі кейіпкеріміздің жан- дүниесінің ғана емес, заманның рухани байлығын әйгілеп тұратын. Сол кезеңде «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы студенттерінің жыл бойы бір ақын шығармашылығын зерттеп, сахнада қорытынды кеш өткізетіні дайындап жатқан жас мамандарымыздың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына ықпал етті.

Ұстаздықта шыңдалып, қайраткерлік тұлғасының жарқырай түсуіне ықпал еткен келесі қыры – ғылыммен айналысуы. Ұстаздың бұл салаға келуі жас мамандар даярлау ісіндегі жаңашылдықтан, білім саласындағы бәсекелестіктің артуынан, өзінен кейінгі буынға үлгі болар қайраткерлігінен туындады. Әбдіжалил аға жаһанданып бара жатқан дәуірде мамандарымыздың ұлттық құндылықтармен сусындап, этнопедагогика, үздіксіз білім беру жүйесінде білім алғанын мұрат тұтты. «Балабақша – мектеп-колледж» принципін жолға қойып, бала тәрбиесінің үздіксіз жалғасуын қалады. Колледжді бітірген мамандардың осында жоғары білім алса деп, көп игілікті іс тындырды. Сол бағытта оқу орнына небір зиялы ғалымдарды жинап, екі мәрте халықаралық практикалық конференция да өткізді. Сол жиындарда Құбығұл Жарықбаев, Сақыпжамал Ұзақбаева, Серғазы Қалиев, Құлбек Ергөбек, Әмір Мұсақұлов, Найман Қалабаев, Асқарбек Құсайынов, Әбдібай Табылдиев, т.б. қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан танымал ғалымдармен таныстым. Сол күндердегі Әбдіжалил ағаның қарамағындағы қызметкер-оқытушыларға ғылыммен айналысуды, «кандидаттық диссертация» қорғап, ғылыми дәрежеге қол жеткізуді ағалық ақыл ретінде айтатын. Соның негізінде ол кісінің тікелей қолдауымен Г.Сәуірбаева, Г.Мұсабекова, Н.Әтемқұлова, Л.Баймаханова сынды оқытушылар кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, «ғылым кандидаты» атағына ие болды. Ал, өзім Құлбек Ергөбек ағаның қаншама қолқа салғанына жауап қата алмай, тек әдеби зерттеушілікке бой ұрдым. Соның негізінде ақындар Молда Мұса Жұманазарұлы, Қайыпназар Айтпенов жайындағы мақалаларым, әнші-жыраулар Каналбай Сейілбеков пен Ергешбай Жұмабаевтардың өмірі мен шығармашылығынан жеке-жеке зерттеу кітаптар шығардым. Поэзиялық қос кітабым жарық көрді. Бас — аяғы бүгінде алты кітаптың авторы атанғаным — ғалымдар ғибратынан.

Ғалым адам — ғибратты тұлға. Осы қасиет нағыз ұстаздықпен ұштасқанда, келер ұрпаққа айтар өнеге туындайды. Сол өнеге құрмет, ыстық ықыласты, шексіз махаббатты туындатады. Әбдіжалил ағаның биік мансап, жоғары атаққа қол жеткізгеніне қарамастан, әрқашан әрбір іс-шарада колледждің тұңғыш директоры, ұстазы Досаев Тайырхан ағаны шақыруды, мерекеде құрмет көрсетуді ұмытпайтын. Өзімен үзеңгілес құрдастарын, өздерінің «атты әскерлер» тобын мақтаныш тұтатын. Сол арқылы сағым жылдар арасында қалған алаңсыз уақыттарынан, шабытты шақтарынан өзек тартып, мәртебе биігінде атқан таңдай нұрланатын. Өзінен кейінгіге шуақ шаша тіл қатып: «Менің орныма қай-қайсысың да лайықсыңдар. Бәрің де бұл басшылықты жүргізіп кетуге қабілеттерің жетеді» деп отыратын. Менің бойымдағы шығармашылық қабілетті жоғары бағалағандық болар, қонақтар қатысқан жиындарды басқартып, солардың әңгімесін тыңдатып, осының бәрін ертеңге жеткізу біздің қолымызда екенін құлағымызға сіңіретін. Түрлі ғылыми баяндамалар жаздырып, түрлі сындарға қатыстыратын. Тіпті, директорлар кеңесінде өз атынан жіберіп, баяндама жасатқанын қалайша ұмытармын.

Қорыта айтқанда, ұстаз ағаның басшылығында қызмет істеген жылдарымда ұшы-қиыры жоқ мұхит жағасында жүріп, інжу-маржан сөздерін, келелі ой-толғамдарын құлағымызға сіңірдік. Асқар тау болып биіктік пен ұлылыққа жол көрсетті. Алып бәйтеректің ыстықта саясын көлеңке, суықта пана тұттық. Ол кісі зейнет жасына шыққанда абдырап қалған сәтіміз болды. Алдыңнан асқар тауың кетсе желдің де аңырап соғатынын, жолданған сынның кедергісіз өзіңе тиетінін, бауыр болып өмір сүрген қоғамнан тысқары қарабасын күйттеген «күйкі, пендешілік өмірдің» барын сезіндік. Дегенмен асқар таудың биігін көрген мен бағдарымнан адастым дей алмаймын. Себебі, ағаның ғибратты өнегесі адамгершілік жолды айнытпай табуыма жол көрсетіп тұрды. Сол жылдары ағамызға деген ыстық ықыласым, ақындық алғысым ретінде«Өнеге», «Тектілік» атты қос өлең жаздым. Бұл өлеңдер – боямасыз, сезіммен өрілген жырлар болатын. Газет бетіне зерттеу мақала жариялаған кездерім де болды.

Иә, бәріміз де кеше ғана келген едік. Баяғы «Бала би» дана би атанар жасқа аяқ басты. Бүгінде ағадан көрген өнегемен жоғары лауазымдық қызметте сол колледжде жұмысты жалғастырып келемін. Аға сеніміне сызат түсірмеуге, аға аманатына адал болуға ұмтыламын. Өйткені мен ол кісінің өнеге мектебінен тәлім алдым және сол мектептің соңғы өкілдерінің біріндей сезінемін.

Жүзіңізді жер жасырғанымен, асыл бейнеңіз жүректе мәңгі сақталады, ұстаз!

Сержан АТАШОВ,
ақын, Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай
гуманитарлық-техникалық колледжі директорының
оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары

Последние новости