Выбор редакции

Еріктілер елге сүйеу болмақ

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы тапсырмасымен «Шығармашыл жастар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Жас волонтер» жобасының үздіктері марапатталды.

Жобаға қаланың белсенді 14-35 жас аралығындағы жастары қатысып, олардың ұсынған жобалары 1 айдан аса уақыт қаралған. Шараның мақсаты – жастарды волонтерлік қызметке тарту, олардың қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыру болатын. Десе де Шымкентте ерікті болуға ниетті жастар көп болған. Жобаға 25 үміткер қатысқан. 16-ы жоба ұсыныпты. Солардың ішінен медицина, экология, әлеуметтік қызметтер бойынша ұсынған 5 жоба үздік атанды. Жеңімпаздар ұсынған жобалардың қоғамға тигізер пайдасы мен тиімділігіне мән берілген.
Марапаттау рәсімінде жалпы сомасы 1 миллион теңгені құрайтын гранттар табысталып, волонтерлер өз жобаларын маңызды бағыттар бойынша дамытуға мүмкіндік алды.
Жеңімпаздар арасында Әбдімәлік Әбдінәбиев отбасымен бірге қатысып, қарттарға арналған жобасын ұсыныпты. Тағы бір жеңімпаз «Мен донормын» акциясын ұйымдастырған.
– Медицинада көп жағдайда қан жетіспеушілік туындап жатады. Осы тұрғыда бүкіл еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі, науқас балалардың базасын құрып, сол балаларға қан керек кезде көмектесеміз деп шештік. «Мен донормын» акциясы да осы мақсатта өтті. Бүгін осы жобамыз көпшіліктің көңілінен шығып, жеңімпаз атанды, — дейді «Сәби үміті» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Жазира Тілеубергенқызы.
Ұйымдастырушылар жоба аясында волонтерлік қызметті одан әрі дамытуға ерекше назар аударып отыр. Олардың айтуынша, бұл бастама жастардың әлеуметтік жобаларға қатысуын арттырып қана қоймай, олардың көшбасшылық дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді, жастарды жаңа белестерге жетелейді және олардың қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын арттырады.
«Жас волонтер» жобасы аясында алдағы уақытта да түрлі іс-шаралар мен тренингтер ұйымдастырылмақ.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Последние новости