Выбор редакции

Жастар – еліміздің ертеңі, баянды болашақ кепілі

Жастар – ел дамуының, мемлекет болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңнің қозғаушы күші. Сол үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, болашақтың ісінен ақсамас едік. Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған түрлі бағдарламалар қабылданып отыр.

Жастар саясатын қалыптастыра отырып, мемлекет жастардың келешекте маңызды салмаққа ие болар халықтың бірден-бір белсенді тобы екенін ескереді. Мұның өзі мемлекеттегі жастардың рөлі мен орнына ерекше мән берілетінін көрсетеді.
Қоғамдық өзгерістердің күрделілігі жас азаматтардың әлеуметтік жағынан жан-жақты қалыптасуына, жас қауым тіршілігінің барлық қалтарысына әсерін тигізді. Жастар мәселесін шешудің дәстүрлі мазмұны мен тәрбие тәсілдері жаңа тарихи жағдайларда мүлде өзге қырынан қарастырылуы тиіс екенін уақыт дәлелдеді.
Қазақстандық жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, сондай-ақ, аға буынның әлеуметтік-мәдени тәжірибесін, әлем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Мұндай мақсаттарды жүзеге асыру жастарға, жалпы қоғамға қатысты саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру ісіне жастардың өздерін белсенді түрде тартуды көздейді. Мемлекет жастарға, олардың материалдық деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, өмір жолын таңдау мен жеке жетістіктерге жету үшін, мейлінше, мол мүмкіндіктер ашуы тиіс. Сонда ғана жастар саясатының өзекті міндеті – жастардың тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз етуі жүзеге аспақ.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-да мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың елеулі қадамдарын атап өтуге болады. Соның бірі де, бірегейі – студент жастарды Абайдың «Бес асыл іс» өнегесі арқылы тәрбиелеу. Яғни, мұндағы «Бес асыл» жастардың бойындағы қабілеттердің жандануына тың серпін беріп, бойындағы қабілеттерін дамытып, қоғамға пайдасын тигізуге ықпал ететінін айқындап отыр. Сонымен ұлы тұлғаның сол бір құндылықтары біздің университетімізде төмендегідей дәріптеліп, насихатталуда.
Бүгінде оқу ордасында студенттік еріктілер ұйымы бар. Онда «Әуезов еріктілері» құрамында 1000 студент, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Достық» ұйымында 95 студент бар. Олар түрлі қоғамдық қорлардың іс-шараларына араласып, түрлі көмек көрсетіп жүр.
Әлбетте, ел болашағы – жастардың қолында! Олар ата-бабаларымыздан мұра болып қалған құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, ел экономикасын, ғылымын да дамытуға, ел келешегі үшiн еңбек еткені абзал. Жастардың тағдыр-талайы мен болашағына елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде емес, оларға мемлекеттің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі иесі ретінде қарағанда ғана ұлт құндылығын ұлықтай аламыз.

Құрманғалы САРЫҚҰЛОВ,
заң ғылымдары кандидаты, доцент

Последние новости