Выбор редакции

Жақсы жол – жайлы қаланың ажырамас бөлігі

Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, жүргізушілерге жайлы жағдай жасау және кептелісті жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Асар шағынауданындағы жол құрылысымен танысты. Бұл жолды пайдалануға беру Түркия және Алатау көшелерінің өткізу қабілетін арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек қала әкімі Бадам өзені арқылы өтетін жаңа аспалы көпірдің құрылыс жұмыстарын тексерді. Игілік тұрғын алабының халқы көшпелі кездесу барысында жаяу жүргіншілер көпірін салу туралы өтініш білдірген болатын. Қала әкімінің айтуынша, көпір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарланып отыр.
Әрі қарай Ғ.Сыздықбеков Абай ауданындағы «Самал» базарын жаңғырту жұмысын бақылады. Модернизация, ең алдымен, кәсіпкерлер мен келушілерге санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар шаһар басшысы Тұран ауданында қала тұрғындарының тағы бір демалыс орнына айналатын – Рысқұлбеков көшесіндегі гүлзардың құрылысымен танысты. Ғабит Әбдімәжитұлы аудан әкімі мен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысына нақты тапсырмалар жүктеп, қоғамдық кеңістік құру кезінде жергілікті тұрғындардың тілегін ескеру қажеттігін атап өтті.

А.САЙЛАУҰЛЫ

Последние новости