Выбор редакции

Шымкент ұлттық экономиканы әртараптандыруға лайықты үлес қосып отыр

ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыру міндетін жүктеген болатын. Бұл міндеттің толық орындалуы ұлттық экономиканы шикізат өндірісіне тәуелді болудан арылтып, оны әртараптандыруға мүмкіндік береді. Осы орайда Шымкент қаласы 2024 жылдың 10 айында 12 пайыз экономикалық өсіммен жоғары нәтиже көрсетіп, мегаполис Қазақстан аймақтары арасында көш бастап тұр. Оған қоса жыл басынан бері қалаға 536 млрд теңге инвестиция тартылған.

Шымкент қаласының өндірістік әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында 2024 жылы жаңа индустриялық аймақтарды құру бойынша тың жобаларды іске асыру басталды. Қазірдің өзінде жалпы ауданы 1194 гектар болатын 2 жаңа өндірістік аймақ ашылғаны белгілі. Онда жалпы құны 759 млрд теңгені құрайтын 275 жоба іске асырылатын болады. Осы жобалардың нәтижесінде қала экономикасына айтарлықтай инвестициялар тартылып, 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұдан басқа, қолданыстағы 3 аймақты 466 гектарға кеңейту жалғасуда, бұл өндірістік қуаттылықты ұлғайтуға және бизнесті дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Бір ауыз сөзбен айтар болсақ, Шымкент қаласы ұлттық экономиканы әртараптандыруға лайықты үлес қосып отыр.
Шымкенттегі өнеркәсіптік аймақтардың арасында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының алар орны ерекше. Бүгін біз осы аймақта атқарылып жатқан жұмыстар, іске асырылатын инвестициялық жобалар мен инвесторларға ұсынылған жеңілдіктер жөнінде әңгімелеуді жөн санап отырмыз.

«Жастарды жаңа өндіріске үйретіп, оқуға жібереміз»

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытуда барлық жағдай жасалған. Өндірістік аймақта машина жасау салалары да қолға алына бастапты. Қазіргі таңда өндірістік аймақты кеңейту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, қосымша тағы да жер телімдеріне қажеттілік туындай бастаған. 2024 жылы 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, олар кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.
Таяуда өндірістік аймақта биыл іске қосылған инвестициялық жобаларды кеңірек таныстыру мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылған болатын. Жаңа жобаларды аралап көрдік. Жеке инвесторлардың алдағы жоспарларын тыңдадық.
Аумағы 225 га арнайы экономикалық аймағында тоқыма өнеркәсібі, химия, мұнай химиясы және ішінара машина жасау саласында жобалар іске асырылуда. Аумақ инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен толық қамтамасыз етілген. АЭА қатысушылары үшін преференциялар мен жеңілдіктер – корпоративтік табыс салығын (КТС), жер салығын, мүлік салығын төлеуден және жабдықтарды, шикізатты, тауарлар мен материалдарды импорттау кезінде кедендік баждарды төлеуден босату қарастырылған.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың айтуынша, аймақта жалпы 60 млрд теңгеге 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл 8,2 млрд теңгеге 5 инвест жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі таңда 500 млн теңгеге 2 жоба іске қосылып, сынақ режимінде өнімдерді шығара бастады. Қалған жобалар пайдалану актісін әзірлеуде. Инвестициялық портфельге сәйкес, мұнда жыл сайын 5-6 жоба іске қосылады. Әр жобаның құрылыс кестесі бар.
– Шымкент қаласында жалпы аумағы 1300 гектарға жуық 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Арнайы экономикалық аймақтағы негізгі мақсат – жеңіл өнеркәсіпті дамыту, экономиканың басым секторындағы өндірісті ұлғайту мақсатында енді дамып келе жатқан өндіріс орындарын ынталандырып, әрі қарай дамыту. Мұндағы негізгі қолдау түрі – салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылыммен қамтыған дайын жер телімдерін ұсыну. Биылға жоспарланған жобалар жыл соңына дейін толық іске қосылады. Қазіргі уақытта қосымша жер телімін қарастырып, әрі қарай да кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әкімдік тарапынан өндірістік аймақтарды әрі қарай кеңейту жұмыстары қолға алынуда, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Биыл жаңадан іске қосылған жобаның бірі – Dapter line ЖШС. Құрылыс-монтаж жұмыстары маусым айында басталып, қыркүйек айында аяқталған. Кеңсе заттары өндірісінде бүгінде 25 адам жұмыс істеуде. Кәсіпорын келесі жылдың қаңтар айынан бастап толық қуатпен іске қосылмақ. Жеке инвестор тағы да 500 млн теңге жеке қаржысын құйып, өндірісті кеңейтпек ниетте. Үш түрлі дәптер шығаратын жаңа өндірістің жалпы құны – 340 миллион теңге. Өндіріс қуаты – жылына 70 миллион дәптер өнімін шығаратын мүмкіндікке ие.
– 1 қыркүйекте жобамыздың техникалық ашылуы болды. Қазір жұмысшыларды тартып, оларға қалай жұмыс істеуді үйретіп жатырмыз. Келесі жылдың қаңтар айында толық қуатпен жұмысты бастаймыз. Жоба бойынша жылына 50 млн дәптер шығару жоспарда тұр. Біздің есебіміз бойынша елімізде жыл сайын 200 млн дәптерге сұраныс болады екен. Соның 25 пайызын біз ішкі нарыққа шығарсақ дейміз. Шикізатты Ресей, Қытай елінен алдырамыз. Жоғары сападағы қағазды Ресейдегі ең үлкен зауыттан аламыз. Бояуды Үндістаннан әкелдік. Бір ерекшелігі, оның кішкентай балаға зияны жоқ, – дейді жобаның құрылтайшысы Қанат Әлімбаев.
Қазір мұнда 25 адам жұмыс істесе, 1 қаңтардан бастап олардың саны 50-ге ұлғаймақ. Жобаға жеке кәсіпкер 500 млн теңгеден астам қаржы жұмсапты. Ақша айналымына тағы 500 млн теңге құймақ ниетте. Барлық қаражат өздерінің жеке капиталы екен.
Арнайы экономикалық аймаққа машина жасау саласындағы жобалар да ене бастаған. БАҚ өкілдері осы бағыттағы жаңа өндіріс – «EKOHIM» ЖШС-ның дизелді генератор шығаратын өндірістік жобасымен танысты. Жобаның жалпы құны – 440 миллион теңге. Кәсіпорын жылына 350 дана өнім өндіру қуаттылығына ие. Өндіріс 0,4 гектар аумақта орналасқан және 5 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жеке инвестор өз өнімдерін Қырғызстан, Өзбекстанға экспортқа шығармақ.
Жеке кәсіпкер Бекболат Әбжаппарұлы бөлшектерді Қытайдан алып келіп, осында құрастыратынын айтады. Мұнда 20-2500 кВт қуатқа дейінгі дизельді генераторлар құрастырылуда. Өнімді Өзбекстан, Қырғызстанға және ішкі нарыққа сату бойынша келісімшарт жасалған. Мұндағы жұмысшылардың бәрі де жастар. Негізгі талап та осы – жастарды жаңа өндіріске үйретіп, әрі қарай даму көзделіп отыр. Жеке кәсіпкер жұмысшыларды алда Қытайға оқуға жіберетінін мәлімдеді.
Келесі жылы аталған өндірістік аймақта тағы 5 жобаны іске асыру жоспарда тұр.

8 мың жұмыс орны ашылды

Бүгінде Шымкенттегі индустриялық аймақтардың жалпы саны 7-ге жетті. Осы аймақтарда іске асырылған 293 жоба бойынша қала экономикасына 225 миллиард теңге инвестиция тартылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Шаһарда шағын және жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келеді. Басқарманың мәліметінше, 2018 жылы қалада 61 мың ШОБ болса, қазір олардың саны 130 мыңға, яғни, екі есе өскен. 2019 жылы инвестиция көлемі 195 млрд теңгені құраса, 2023 жылдың қорытындысымен 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл инвест ахуалдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді.
Шымкент қаласының өндірістік әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қолданыстағы үш аймақты 466 гектарға кеңейту жұмыстары жалғасуда, бұл өндірістік қуаттылықты ұлғайтуға және бизнесті дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Жаңа жобалар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қала экономикасының дамуына жаңа серпін береді.
Жаңа индустриалды аймақтар құру және инвестиция тарту – қала экономикасын ілгерілетудегі стратегиялық маңызды қадамдардың бірі. «Жұлдыз» индустриалды аймағы металлургия, фармацевтика, құрылыс өндірісінің орталығына айналса, ал «Бозарық» ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Бүгінде Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласында 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істесе, оның 45 пайызы тоқыма фабрикаларының үлесінде. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Bal Tekstil» ЖШС жылдан жылға өндіріс көлемін ұлғайтуда. «Bal Tekstil» ЖШС кілем фабрикасы өнімдерінің нарыққа шығып жатқанына 10 жылдан асты. Еліміздегі бірегей кілем өндіруші кәсіпорынның өнімдері экспортқа BAL CARPET брендімен танымал. Қазіргі таңда нарыққа премиум сапада кілемдерін ұсынуда. Осы аралықта 4 кезең бойынша дамып, арнайы экономикалық аймақтағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналды.
Осылайша «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында кезең-кезең бойынша жаңа өндірістер, жаңа жобалар іске асырылуда. Олардың алға қойған жоспарлары көп-ақ. Тәуекелмен іс бастаған олар келешектен үмітті. Біз жаңа өндірістердің болашағына сәттілік тіледік.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Последние новости