Выбор редакции

Мамандар сібір жарасынан сақтандырады

Сібір жарасы – адамға малдан жұғатын аса қауіпті ауру. Мамандар оның топырақта жылдар бойы сақталатынын айтады. Сонымен қатар, бұл ауру түрі бір ғана органды емес, тұтастай ағзаны зақымдайды. Қауіптілігі міне, осында.

Ол көбіне ірі қара малдан, жылқыдан, есектен, қойдан, ешкіден, бұғыдан, түйеден жұғады. Малдың сібір жарасы ауруына шалдыққанын оның зәрі мен нәжісінен анықтауға болады. Адам оны ауру малдың етін тұтынғанда, терісін қолданғанда жұқтырып алуы мүмкін.
Сібір жарасының «өкпелік», «ішектік», «терілік» деп аталатын үш түрі бар. Аталмыш ауруды жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, терісі ісінеді. Асқынған жағдайда науқастың іші ауырып, қан құсуы мүмкін. Өкпе ауруына ұшырап, жүрегі сыр береді. Оның соңы өлімге әкеп соқтырады. Сондықтан, дәрігерге көрінген абзал.
Дәрігерлер аурудың белгілері 2-3 күнде біліне бастайтынын айтады. Ең алдымен науқастың дене қызуы 38-40 градусқа дейін күрт көтеріліп, бойында әлсіздік пайда болады. Егер де емдеу шаралары дер кезінде қолға алынса, науқас тез арада сауығып кетеді. Дәрігердің кеңесінсіз, өз бетімен антибиотиктер ішуге болмайды.
Сібір жарасы ауруынан сақтану үшін ет пен ет өнімдерін сапасы әрдайым бақылауда болатын жерлерден ғана сатып алу қажет. Кез келген мал ветеринарлардың рұқсатымен ғана сойылатынын ескере жүре керек. Сосын тұрғындарға жануарларды асырау кезінде ветеринариялық-санитарлық ережелерді қатаң сақтау талап етіледі. Жануарлардың өлекселерін өз бетімен ретсіз көмуге жол берілмейді. Жануарларға сібір жарасына қарсы екпе егіледі.
Шымкент қаласының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Балкүміс Мұсаеваның баяндауынша, бүгінде шаһарда 8 стационарлық қолайсыз пунк пен 9 мал қорымы бар.
— Стационарлық қолайсыз пунктке пайда болу мерзіміне қарамастан эпизоотиялық ошақ (жануардың ауруы) немесе адамның сібір жарасымен сырқаттану жағдайы анықталған елдімекен, малшаруашылығы фермасы, жайылым, шатқал жатады. Ал, мал қорымы — өлекселерді тастауға арналған орын. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында «арнайы соғылған мал қорымдарының санитариялық қорғау аймағы шекарасының периметрі 1000 метрден (1 км) кем болмауы тиіс» делінген. Ал, сібір жарасының стационарлық қолайсыз пункттеріне санитариялық қорғау аймағы қарастырылмаған.
Сонымен қатар, стационарлық қолайсыз пункттері және сібір жарасының топырақ ошақтарындағы санитариялық-қорғаныш аймағында жер учаскелерінің топырағын қазуға және жылжытуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, жер учаскелерін жалға беруге, жеке меншікке сатуға, бақтарға, бақшаларға айналдыруға, пайдалануға жол берілмейді, — дейді Балкүміс Балсейітқызы.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі қалалық ауылшаруашылық басқармасының ветеринарлық бөлімі және ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясымен бірлесіп отырып, сібір жарасы ауруының алдын алу және індетке қарсы іс-шараларды жүргізу мақсатында 8 стационарлық қолайсыз пунк пен 9 мал қорымына мониторинг жүргізеді.
Сібір жарасының алдын алуда біз жоғарыда айтып өткен сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Айта кетер тағы бір нәрсе, «Сібір жарасы» деген белгісі бар қоршалған аймақтан өтпеңіз және жүрмеңіз. Онда мал бағуға да болмайды. Қазба жұмыстарын жүргізіп, егіс егуге де тыйым салынған. Әрқашан ауырмайтын жол іздейік!

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Последние новости