Выбор редакции

Жаңа ғасырдың Мағжаны

Үлкен әдебиетке әркім әрқалай келеді ғой. Біреу ерте, біреу кеш дегендей. Қазақтың бас ақыны, әлемдік деңгейдегі алып тұлға, абыз Абайдың өзі бастапқыда өзінің өлеңдерін досы Көкбайдың атынан жариялап жүріпті. Физули атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, ақын Құрал Көмек те шығармашылықпен ерте айналысқанымен, өзіміздегі көгедей көп ақынның бірі ретінде мойындала қоймаған. Бұл ретте түрік бауырларға арнайы рахмет айту керек шығар. Бүкіл түркі әлемі қастерлейтін Физули атындағы халықаралық сыйлықты алып жүргені. Бұған дейін осы атақты Қазақстаннан Тұманбай Молдағалиев пен Әбілда Аймақ алған болатын.

Шымкенттегі Пушкин атындағы кітапханада ақын Құрал Көмектің әдеби кеші өтті. Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнаулы комиссиясы ақынның «Болашаққа бағдаршам» еңбегін коллегиядан өткізіп, мектеп бағдарламасына кіретін оқу құралдарының санатына кіргізіпті. Бұйырса, келер жылы мемлекеттік бағдарламамен жарық көретін кітаптардың қатарынан орын алмақ. Пушкин кітапханасындағы әдеби кеште осы «Болашаққа бағдаршам» кітабының таныстырылымы өтті.

Құрал Көмек балаларға арналған «Бағдаршам» әліппесі, «Ай туып келеді», «Бөрілерге гипотеза», «Мен – даланың ұлымын», «Баба рухы – гольфстрим ағысы», Түркияның Шанаққала шайқасының 100 жылдығына орай жазылған «Сенім жеңісі» жыр жинақтарының, «Дүние түріктерінің» және «Бауыржан маршының» авторы. Өлеңдері түрік, ағылшын, орыс, араб тілдеріне аударылған.

Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті азаматы, «Бір өлең – бір сурет» конкурсының, «Темірқазық түнгі кітапхана» әдеби клубтарының идеялық авторы. «Ой туындылар» фестивалінің бірінші деңгейдегі жүлдегері. 2013 жылы Түркияда «Мен даланың ұлымын» поэмасы Физули атындағы халықаралық сыйлықты жеңіп алды. 2013 жылдың «Үздік ақыны» номинациясының иегері атанған.

Құрал Көмек «Түрік маршынан» бөлек «Бауыржан маршын» жазған ақын. Бұл туынды бүгінде қазақ әскери бөлімдерінде орындалып жүр. Әдеби кешке арнайы келген Б.Момышұлы атындағы полиция мектебінің оқушылары, полковник, ақын Айболат Маймақовтың бастауымен осы маршты орындады.

– Мен Мемлекеттік сыйлықты алғанмын, — деді әдеби кеште сөз алған ақынның өзі. – Қазақтың көрнекті ғалымы Мекемтас Мырзахметов «Құрал Көмек – жаңа ғасырдың екінші Мағжаны» деді. Бұл мен үшін бар сыйлықтан да артық.

Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Құрал Көмек «Дүние жүзі түріктерінің маршын» жазған. Рухшыл, сыршыл ақын. Бірде бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов екеуін полицейлерді даярлайтын колледжге шәкірттермен кездесуге шақырады. Арқалы ақын өзінің әйгілі «Махамбет» жырын арқырап оқиды. Полицейлерге ұнап, ұзақ қол шапалақтайды. Сәкен де сөйлеп, қойылған сауалдарға жауап береді.

– Қызығы соңында болды, — дейді Құрекең. – Кездесу аяқталған соң полицейлер автограф ала бастады. Полиция мектебінің директоры су жаңа бокс қолғабына баласына қолтаңба алып жатыр. Мені елеп жатқан ешкім жоқ. Сыртта қалып кеттім. Бәрі омартаға үймелеген бал арасындай Сәкенді қоршап алған. Олардың аяғы саябырсығанда Сәкен маған қарап, сөз сөйледі. «Аға, өлеңіз жақсы екен. Махамбет атамыз жайлы тебіреніп жазыпсыз. Жаныма қатты қуат берді. Рұқсат болса, сіз маған автограф беріңізші?» деді.

Күз көңіл болып отырған әлемім жаз күніндей жарқырап кетті. Әлемге әйгілі боксшы баламыз бәрін көз қиығымен байқап тұр екен. Сәкеннен соң басқалары да маған жақындай бастады, – дейді ақын.

Бақтияр ТАЙЖАН

Последние новости