Выбор редакции

Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

Қазақстанда неврологиялық ауытқулары бар балаларға көмек көрсету жүйесі соңғы жылдары біршама дамып келеді. Денсаулық сақтау саласын дамыту және халықтың денсаулығын жақсартып, тегін медициналық көмекті қолжетімді ету – үкімет алдында тұрған негізгі міндеттерінің бірі болды.

Неврологиялық ауруларға шалдыққан балаларға ем-дом, білім беру, және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Қоғамның оларға деген көзқарасы да өзгеріп, олардың да ортаға бейімделгенін байқаймыз. Негізгі мақсат, дағды-машықтарын қалыптастыру, өзіне деген сенімін арттырып, тиісті білім мен тәрбие алуына жағдай жасау, мүмкіндігінше, мамандық меңгертіп, өмірден өз орнын табуына көмектесу. Ең бірінші мұндай балаларға арнайы педагогтардың, психологтардың, дефектологтардың, тағы басқа да мамандардың көмегі қажет. Осы орайда, жоғарыдағы мамандар мен қызметтер бір жерге топтасқан арнайы орталықтар пайда болды. Олар әртүрлі неврологиялық аурулары бар балаларға кешенді емдеу және оңалту қызметтерін көрсетеді. Орталықтарда әлеуметтік қызмет көрсету мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері де қолжетімді. Бұл орталықтар балалардың ерекше қажеттіліктерін ескеріп, дамуына септігін тигізеді.

Ерекше күтімді қажет ететін балалардың сауығуына, денсаулығын жақсартуға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмек көрсететін Шымкент қаласындағы №2 оңалту орталығында болып, жұмысымен таныстық. «Әр баланы бағалаймыз және оларға күн сайын қамқорлық жасаймыз» деген ұранды ұстанатын орталық 1 жастан 18 жасқа дейін неврологиялық ақаулары, сал аурулары, ортопедия мен тірек-қимыл бұзылыстары бар, кардиохирургиялық ота өткен балаларға оңалту қызметтерін көрсетеді. Одан бөлек, орталықта балалардың ата-аналарына арналған қолдау топтары мен кеңес беру қызметтері де бар. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған орталық  заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– Орталығымызда 110 маман қызмет етеді. 3 бөлімшеден, неврологиялық бөлімшеде 50 төсек, ортопедиялық бөлімшеде 50 төсек, кардиохирургиядан кейінгі оңалту бөлімшесінде 16 төсек орын бар. Бір уақытта 150 балаға дейін қызмет көрсете аламыз. 2023 жылы орталыққа «Қазақстан халқына» қоры көңіл бөліп, қаржыландырды. Қолдаудың арқасында соңғы үлгідегі заманауи жабдықтар әкелінді. Барлық аппараттардың өзінің көрсетілімі бар, баланың денсаулығына, қимыл-қозғалысына және педагогикалық жағынан пайдасы көп. Ата-аналар балаларының емінен нәтиже көруде, – дейді орталықтың бас дәрігері Айгүл Сапарғалиева.

Орталықтың мақтанар тұсы қалада осы жерде ғана бар, «E-helper» экзоскелеттік құрылғысы. Мамандар бұл құрылғыны жүйке аурулары бар науқастарды оңалту үшін көмегі зор дейді. Олардың айтуынша, экзоскелет аяқтарында әлсіреген және ұзақ уақыт төсекте жатуға мәжбүр болған адамдарға көмектеседі. Ал, орталықта 18 жасқа дейінгі балалар келетіндіктен, тірек-қимыл аппаратында ақауы бар, сондай-ақ, кардиохирургиялық операциядан кейінгі балаларды оңалтуға арналған. Жаңа құрылғы науқастарға қуаныш пен үміт сыйлайды. Олай дейтініміз, аз уақыттың ішінде бұл жаңа құрылғының оң әсерін көріп жатқандар бар. Экзоскелет арқылы науқас көмексіз тұрып, отыра алады, жүре алады, баспалдақпен көтеріледі және түседі. Осындай бірқатар мүмкіндіктер беретін экзоскелет бойы 150 см-ден асатын және салмағы 40-тан 110 келіге дейінгі науқастарға қолжетімді екен.

Келесі бір аппарат корвит деп аталады. Мамандандырылған медициналық құрылғы, ауыр аурулардан кейін пациенттерге қалыпты өмір ырғағына оралуға мүмкіндік беретін плантарлы тірек жүктеме симуляторы. Табанның сәйкес тірек аймақтарына пневматикалық қысым жасау принципіне негізделген жердегі реакцияларды модельдеу үшін арнайы әзірленген құрылғы ұзақ мерзімді клиникалық сынақтардан өткен және әртүрлі жастағы науқастармен жұмыс істеуде жақсы нәтиже берген. Алғашында құрылғыны аэроғарыштық медицина орталығында ойлап тауыпты. Ұзақ уақыт ғарышта болып келгендер үшін аяқ басып жүрудің өзі қиынға соғатын кезеңде осы құрылғы көмек болған. Кейін дәл сол сияқты тірек-қимылында ақауы бар, аяғын баса алмайтын, ауыр аурулардан әлсіреген науқастарға қалыпты өмір ырғағына оралуға мүмкіндік беретін құрылғыны осындай орталықтарда пайдалана бастаған. Конструкциясы бойынша екі пневматикалық камерадан тұрады, олар аяқ киім түрінде жасалған. Құрылғы пациенттің аяқтарына киіліп, қуат көзіне қосылады. Импульсті тоқ табанға әсер етіп, тірек аймақтарын механикалық ынталандырады, шартсыз рефлекстерді ынталандырады және бұлшықет тонусын үйлестіреді. Осылайша  жаяу және жүгіру принципін имитациялайды, бұл ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз болғаннан кейін денені қалпына келтіру процесін жеделдетуге мүмкіндік береді дейді мамандар.

– Кез-келген жаңа аппарат келгенде, жаңа құрылғыны тиімді пайдалану үшін дәрігерлерге сол құрылғыны жетік білетін, тілін түсінетін білікті мамандар келіп, шеберлік сабақтарын өтеді. Заманауи медициналық құрылғының арқасында орталықта емделушілер үшін реабилитация процесі нәтижелі әрі тиімді өтіп, олардың толыққанды өмірге бейімделуіне оң әсерін тигізеді, – дейді орталықтың жаттығу терапиясы бөлімінің меңгерушісі Әсілбай Сатымұлы.

Орталықтың тағы бір пайдалы құрылғысы «пасейдон» деп аталады екен. Ванна секілді құрылғының бір ғажабы, денеге су тигізбей, гидромассажын жасайды, яғни, ванна ішіне клеенкадан төсеніш төселіп, үстіне баланы жатқызып, денеге жайлы массаж жасалынады. Судың қысымы бала денесіне әсер етіп, қан тамырларын кеңейтіп, жүйке жүйесіне оң әсер етеді. Стресс деңгейін төмендетіп, буындардың икемділігін жақсартады екен.

Орталықты аралап жүріп, ерекше бөлмеге көзіміз түсті. Едені мен қабырғалары табиғи минерал шунгит тастарымен қапталған арнайы бөлме екен. Жанға жайлы, ауасы ерекше бөлмеде ем-домнан кейін балалар тынығатын көрінеді. Шунгит бөлмесінде тынығу тыныс алуды жақсартып, иммундық жүйенің жұмысын жақсартады. Қазіргі қолымыздан смартфон түспейтін заманда бұл бөлме барлығымызға да керек жер ме деп қалдым. Өйткені, шунгиттің элекромагниттік сәулелерді өзіне сіңіріп, қорғаныс қабілетіне де қасиеті бар. Бұл денсаулықты жақсартудың табиғи әдісі десек болады. Мекемеде, сонымен қатар, тұз шахтасы, монтессори бөлмесі, логопед, дефектолог, терапевт, невролог, нейропсихолог және тағы басқа да мамандар жұмысы тәртіппен ұйымдастырылған. Тілді, яғни, сөйлеуді кешенді дамыту, логомассаж, сенсомоторлық дамыту, тұрмыстық дағдыларды қалыптастырып, дамыту сияқты толып жатқан қызметтер көрсетіледі. Тіпті, балаларды қарапайым тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге дағдыландыру, дұрыс тамақтануға бейімдеу болсын, қандай да бір пайдалы нәрсе үйренуіне жағдай жасалынған.

Иә, дәрігерлік кәсіп үздіксіз оқуды талап етеді. Дәрігерлердің білімін жетілдіру – олардың емдеу сапасын арттыру үшін өте маңызды. Әсіресе, оңалту дәрігерлері үшін де үздіксіз білім алу маңызды. Бұл саладағы біліктілікті арттыру дәрігерлерге науқастарды қалпына келтірудің жаңа әдістерін үйренуге және заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Оңалту саласында жаңа зерттеулер, емдік технологиялар мен әдістер тұрақты түрде дамып келеді, сондықтан дәрігерлерге әрдайым оқып, тәжірибелерін жетілдіру қажет. Біз барған кезде осындай біліктілікті жетілдіру сабағының үстінен түстік. «Қамқорлық қоры» қорының қолдауымен «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің мамандары үшін «Оңалту мекемелерінің қызметінде жұмыс істеудің, мүгедектіктің және денсаулықтың халықаралық классификациясын (МКФ) практикалық қолдану» тақырыбындағы сабақ екен. «Федералдық ми орталығы» мекемесінің ғылыми қызметкері, «Мәскеу психоанализ институты» доценті Г.А.Ковалевамын деп таныстырды өзін тәлімгер. Тәлімгер мультидисциплинарлық топтың мамандарына денсаулық шектеулері бар балаларға практикалық жүзінде жұмыс істеудің халықаралық жіктелуі, тыныс-тіршілікті және денсаулықты шектеу (МКФ-ты) қолдану тәсілдерін үйретуде. Мамандар мұндай оқулар мен семинарлар оңалту саласындағы жаңа жетістіктер мен тәжірибелермен танысу үшін қолайлы  және оңалту технологияларын қолдану бойынша тренингтер – қазіргі таңда кеңінен оңалтуда қолданылатын робототехника, виртуалды шынайылық, экзоскелеттер сияқты заманауи құрылғыларды тиімді пайдалану үшін арнайы дайындықтан өту маңызды дейді.

Орталыққа балалар әр 3-6 ай сайын қайта келіп, ем алып тұрады. Кейбірі, тіпті, 18 жасқа дейін ем алады. Әрине, бұл орталықтар ғажайыптар алаңы емес. Соңғы жылдары денсаулығында ақауы балалар саны артуда. Мұндай орталықтар барлық баланы жыл он екі ай қабылдай алмайды. Кезекпен келетін балаға істелінген ем-дом нәтижелі болу үшін ата-ананың ынтасы мен қажырлы еңбегі қажет.

– Медициналық оңалту баланың айырылып қалған функцияларын қалпына келтіру мақсатын көздейді. Біздің мамандар істеген әрбір массаж, қол еңбегі болсын баланың қасына келетін анасы немесе жақыны үйреніп, бала үйге шыққанда қайталап істегенде ғана нәтижесі болады. Баланың икемделуі мен сауығуына жақынының көмегі зор. Психотерапия әдістері молынан қолданылады. Өйткені, бала өз сырқатына байыппен қарап, онымен күресте өзінің ішкі жігерін жұмылдыруы тиіс. Ал, әлеуметтік оңалтуда балаларды тұрмысқа бейімдеу мәселесі тұр. Арнайы күн тәртібін белгілеу, отбасы мен айналасындағы адамдардың қамқорлығын ұйымдастыру тәрізді сансыз факторлар маңызды. Еңбектің де оңалтуға тигізетін үлесі зор. Ерекше жағдайдағы балалардың кәсіби біліктілік алып шығуына қолғабыс жасау да өзекті. Қысқасы, оңалту ісі жеткіншектің мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатын көздейді. Өкініштісі, көп жағдайда анасы баланы әкеп, маманның қолына тапсырады да, өзі бұрышта телефон қарап отырады. Әрине, оңай емес, дегенмен, ананың қамқорлығы мен баланы аяққа тұрғызамын деген мақсаты көп көмек болатыны сөзсіз, – дейді бас дәрігер.

Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін жасы 18-ге дейінгі балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 7859 екен. Осының ішінде 7 жасқа дейінгі 2662 бала бар. Ал, жалпы, жасы 18-ден асқандарды қосқанда олардың қатары 41 мыңнан асады.

Қалада дәл осындай «Мейірім» және №1 оңалту орталықтары мемлекеттік негізде жұмыс істейді.

Последние новости